🇰🇿 ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді.
Құжат балалық шақ мәселелеріне бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктіреді.
«Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған.
Қазақстан балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бүгінде елімізде 6 902 492 бала тұрады, бұл халық санының үштен бірін құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны шамамен 1,5 миллионға артты. Бұл инфрақұрылым мен қолдау жүйесін одан әрі нығайтуды талап етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік принципін енгізуге бағытталған 10 заң қабылданды.
2025 жылы заңнамаға балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті бекітетін қосымша өзгерістер енгізілді. 237 мыңнан астам бала психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдаумен қамтылған, оның ішінде шамамен 17 мың бала үйде білім алады.
Білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді.
KZ




